Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  110


Автор: Тортай Сәдуақас

АЙНАКӨЛ АЖАРЫ

Толқытып толқындарың торғын жайған,
Айнакөл, ажарыңа болдым қайран.
Суреті жүрген көптен жүрегімде,
Япырмау, бұл бейнеңді көрдім қайдан?!
Ағызып ақбоз қиял алағыздым,
Келеді қызыл тілден бал ағызғым.
Бәтір-ау, мені көптен іңкәр қылған,
Өзіңе ұқсаймысың дара қыздың?
Ұмытып бауды – кілем, тауды кілең,
Ынтығым бір өзіңе ауды білем.
Тұп-тұнық, дөп-дөңгелек, көргем сені,
Сол қыздың жанарынан жәудіреген.
Сол қызға ұқсатамын өрлігіңді,
Тек саған сыйлар едім мен гүлімді;
Ылайым «Айнакөлдер» тілеп жүрем,
Ылайлап алмайын деп мөлдірімді.
* * *
Айдыны асау, айбынды қандай көл еді,
Ақынның талай арналған әйбат өлеңі;
 Айнашым менің, Арқаның кенже бөбегі,
Ажырап қалған аспанның әлде бөлегі?!
Төңірек кейпін төріңнен керіп тегістей,
Тебіренгенмін телміріп, Айнам, мен іштей;
Теңдесің жоқ-ау, тегінде сенің кеніштей,
Теңселген арнаң тербелген әлде егіс пе, ей?!
Көз алмай тұрмын келісті мынау қалпыңнан,
Қырманың сенің – сусылдап аққан алтын дән;
Жұмбақтас – «ДТ-ың», шағалаң – шабыт шарқ ұрған,
Оқжетпес болса, ол – Диқан сенің нар тұлғаң!
* * *
Ғашықтар! Қудай жүзіп жүресің де,
Ойнайсың су шашысып, күлесің де;
Сендердей: Айна да қыз «гүл» есімді,
Жұмбақтас – жампоз жігіт, білесің бе?!
Ертеде еткен бір хан мұнда мекен,
(Хан емес, қанға құмар мұңдар екен).
Болыпты жалғыз қызы, ол ұнатқан,
Елінде өнерпаз бір ұл бар екен.
Сүйгенге берген ол кез ерікті кім,
Айырар оларды да келіпті күн:
Қараға қыз бермеске кәрленіп хан,
Байғұстың көзін құрт деп беріпті үкім.
Қыз – әнші, жігіт – күйші жастар екен,
Екеуі сөз байласқан баста бекем.
Сол күні іздемек боп басқа мекен,
Екі жас желмаямен қашқан екен.
Желмая! Жел! Жастардың халін ескер,
Желмесең жетімектер тағы не істер!?
Жеткенде Оқжетпеске, қалың әскер
Қоршапты қос ғашықты, жарыместер!
Соңғы рет аймаласып жан жарымен,
Бақытын бақты қорғап бар жанымен;
 Қорғапты! Жігіт арын арманы мен
Жасанған жаудан жалғыз қанжарымен.
Сонда қыз: – Құтыл депті, – құрдасына,
Ешкімді теңгермеспін бір басыңа;
Ал жігіт өрлей берген шың басына,
Ер – емен, қоймапты жау сынбасына.
Құтылмас болып жаудан қызбасынған,
Тағдырды ол талақ етіп жүзде ашынған;
Аман бол, – деп, аяулым, – қызға шыңнан,
Қарғыпты ол Оқжетпестен – құз басынан.
Кетіпті ол болмайын деп жастай ғарып,
Иесі, түйесі де тасқа айналып...
Қыз қарғап құзғындарды қашты айналып,
Жанға – мұң, жанарына жас байланып.
Жүрегін өрт боп шарпып қайғы алыпты,
Қайғы алыпты, іштей ол қайралыпты;
Ғұмырда мәңгі бірге боламыз деп,
«Айнагүл» Айнакөлге айналыпты!!!
Аймалап содан бері Жұмбақтасын,
Жатады ол: таң атпасын, күн батпасын;
Ашып сап ғашықтарға сыр қақпасын,
Сүйсініп бақытты бұл ұрпаққа шын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу