Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  121


Автор: Тортай Сәдуақас

ЕГІНЖАЙ СУРЕТІ

Алтын нұр аймалап алапты, Шапағат сәулесін таратты.
Шығыстан шырайлы күн шығып,
Таң атты, таң атты, таң атты!
Жұпарың жел есті қоңыржай,
Қоңыржай самалмен көңіл жай;
Төңірек теңіздей тербелген, Егінжай, егінжай, егінжай!
Танаптан ерлікті танисың, Сан түрлі қызыққа жарисың:
Сүйсіне иіскейсің алқаптан, Нан иісін, нан иісін, нан иісін!
 Орақтың науқаны бұл таңдар,
Жандар жоқ жабырқау, күй таңдар:
Халықтың қамы деп қарбалас,
Диқандар, диқандар, диқандар!
Сазы мен аспабы сан қилы, Оркестр ойнайды ән-күйді:
Ен қырдан еңбектің әуені, Шалқиды, шалқиды, шалқиды!
Жүрегі лаулаған алауша, Қарт та бар, жас та бар балауса;
Озаттар – тұғырға қондырған, Жалауша, жалауша, жалауша!
Жігерлі жігіттер жаси ма, Көңілде көл-шабыт тасиды, ә?
Жол бойы қырманға ағылған, Машина, машина, машина!
Алқапта дамылсыз шарқ ұрған,
Диқандар шын ерлер, нар тұлғам!
Сусылдап құйылған қорапқа,
Алтын дән, алтын дән, алтын дән!
Бәрі де тынымсыз жүр ызғып, (Соларға арналсын жыр үздік).
Қамбаға еселеп құйылған, Ырыздық, ырыздық, ырыздық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу