Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  127


Автор: Тортай Сәдуақас

AT ЖАРЫС

«Алысқа айда, аттарды алысқа айда,
Желдей жүйткіп жүйріктер жарыспай ма?
Жіберетін ат басын – жұлдызша ағып,
Жігер қайда-ей, жігіттер, намыс қайда?!»
Қиқулаған естисің, шуды аңғарып,
Алқа топтан, берілген думанға анық.
Жиналыпты тойына шопандардың,
Ат жалында ән салып туған халық.
Кең даланы күй кернеп кеткен бе еді,
Көптің бүгін ат жарыс бопты ермегі.
Осында жүр шау тартқан шалдарың да,
Қалыппыз деп сағынып көптен бері.
Сері көңіл шіркін-ай, қыр қазағы,
Кім озар деп шетінен жүр мазалы;
Атқа мінген алқа топ аруақтанып,
Ата салтын жаңғыртқан бір ғажабы.
...Кенет қырдың дүбірлеп бар алабы,
Соғылып кетті бәйге барабаны.
Құлагерлер құлаған құба белден,
Қас жүйріктер құйғытып барады әні...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу