Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  184


Автор: Нұрлан Оразалин

ҰЯТ

Ерте оралған наурыз-құс сияқтанып,
кеудем менiң толқыды күй ақтарып,
қырлар балқып,
қыс тоңы ерiдi кеп,
ерiдi
Ай туғанда
ағарып, қияқтанып.
Қара ормандар құшағын жайғандай боп,
шыңдарымды
шұғыла шайғандай боп;
жүрегiм қызынғандай,
сеңдерiм бұзылғандай,
тауларым сiлкiнгендей –
мұздауыт-сеңгiрлердiң
тұяғы тайғандай боп…
Дүние тыр жалаңаш аймандай боп…
(Көңiлiм астан-кестен)
қай-қайдағы күндерiм бастан кешкен
түстi есiме:
Ай-сезiм…
Ағыл-тегiл
жаңбырлы аспан, кештер…
Аспан-қырлар,
аспан-бақ,
аспан-көлдер…
Көрiк үрлеп кеудесiн қашқан белдер,
Қара таудың қолтығын қанат қылып,
 
қара жолдар,
жолдарым,
қашқан ба өрге?!.
Қара!
Қара!..
Асылып жатыр әнi…
(Қай қиырға пендесiн шақырады?!).
Қара талдың қалтырап жапырағы,
қара өзендер кеудемде «ах» ұрады…
Ерте оралған наурыз-құс сияқтанып,
ән аунатып,
толқытып,
күй ақтарып,
кеудедегi тоңдарым жатыр ерiп,
Ай туғанда
ағарып, қияқтанып,
көңiлiмдi беймәлiм
Ұят қарып…
13 қазан, 1979 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу