Өлеңдер ✍️

  17.03.2022
  96


Автор: Абдрахман Асылбек

Бала қарға

Бүркіт түйіліп,
Көк төсінен бір отарға шүйіліп,
Ілді шағын тоқтыны.
Бала қарға қарады да сүйініп,
Тәні қозып кетті бір.
Ойлады ол: «Мен мұндаймен тынбаймын,
Неге тырнақ былғаймын?
Нашар Бүркіт деген сірә осы да,
Бар тапқаны қозы ма?
Ал, мен болсам, қалауымша самғаймын,
Талмаймын,
Патшаға сай ең ірісін таңдаймын».
Ұшты Қарға отар жаққа жаңағы,
Сансыз қойға аш көздене қарады.
Қозы да көп, қой да көп зор салмағы,
Ақырында бірін бөліп таңдады.
Таңдағанда қандайын?
Ең семізі, ең ірісі – нардайын,
Тіпті, оны көтере алмас Бөрі де.
Шүйілді ол жібермеуге намысты,
Жүніне кеп бар күшімен жабысты,
Ұқты сонда көнбейтінін жөніне.
Ең жаманы – қой үстінде діт қылған
Тон бар еді әрі қалың, қомақты,
Жүні ұйысқан ну жыныстай сабақты,
Тарта алмады тырнағын сол жықпылдан.
Біздің есер қанатты
Ерлеймін деп, түсті өзі кеп тұтқынға.
Қойшы қойдан ажыратып ақырын,
Қайтып ұша қоймауға,
Қанатын жұлып батырдың,
Берді оны балаларға ойнауға.
* * *
Адамдарда мұндай жай көп білгенге,
Суайттардың кішісі
Еліктегіш үлкенге:
Таяқ жейді жас ұры қолдан келмес ісі үшін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу