Өлеңдер ✍️

  17.03.2022
  73


Автор: Абдрахман Асылбек

Патша сұраған бақалар

Бақалар тым зерікті,
Өз бетімен ерікті
Жүргендерін қолайыздау көріпті.
Еркін өмір өмір ме?
Бейнет тілеп тегінде,
Патша бер деп өтініпті Тәңірге.
Тыңдамайтын бос мылжың сөз-көбікті,
Зевс құптап, тілектерін беріпті,
Дүрілдетіп Патша ұшып келіпті.
Келе сала ол қаталдығын ұқтырды,
Бар патшалық аяғынан тік тұрды:
Бақа біткен шетінен
Аяқтары дірілдеп,
Босып кетті бетімен,
Патшаны-ай деп қуыстардан күбірлеп.
Расында патша еді бір ерекше:
Жеңіл де емес мінезі,
Байсалды еді тым өзі,
Алпамса еді денесі де бөлекше.
Шынында да көрер көзге керемет,
Бар еді бір кемшілігі, не керек:
Дөңбек сынды топас еді аңғарсаң.
Алғаш оны санап ірі қасқаға,
Бақа біткен жаны қалмай бақылдап,
Бара алмай маңайына жақындап,
Анадайдан қарап жүрді жасқана.
Бірақ, қандай болғанымен ғаламат,
Бірте-бірте бой үйренді шамалап.
Алғаш олар қорқынышты ысырып,
Патша алдында қылша мойын ұсынып,
Етбетінен жатса бірі бұрын кеп,
Батылдауы отырды енді қырын кеп,
Ойында бар жайғасу да қасына.
Кейбір сабаз бастарында ақылы кем,
Отырды кеп қырын қарап басына.
Бәріне де Патша көнді сабырмен.
Біраздан соң кейбір Бақа көсіліп,
Қарсы шықты есіріп.
Үш-ақ күнде бұл Патшадан жалығып,
Барлық бақа Юпитерге жалынып,
Басқаруға батпақты өңір тұрағын,
Басқа Патша сұрады.
Тілекті құп тыңдады,
Тыңдады да, жіберді бір Тырнаны.
Бұл Патшаның басқаша еді ұраны:
Халқын онша еркелете бермейтін,
Айыптысын жұта салып, «жөндейтін».
Сотта, бірақ, барлығы да ұғатын,
Мойын бұрмай шығатын,
Ас кезінде болып бәрі кінәлі.
Бүркеп батпақ алабын,
Төнді шындап қара күн.
Кеми берді Бақа деген қарағың.
Патша елін күні бойы аралап,
Кімді көрсе, соны жеу боп арманы,
Жұта берді қаралап.
Барлық Бақа Юпитерге зарлады:
«Тағы тыңдап көрсе деп,
Басқа Патша берсе деп.
Мына Патша жұтып жатыр шыбынша,
Шынын айтса (қаққанымен таңдайды),
Еш алаңсыз бақылдай да алмайды,
Бұл бір нағыз апат еді ұғынса».
«Тыныш өмір сүре бермей әу баста,
Өздерің ғой, – көктен бір үн жетті кеп, –
Берекеміз кетті деп,
Патша сұрап бақылдаған маубастар.
Патша бердік – онымыз тым момын-ды:
Көрсеттіңдер шалшықта оған қарсылық.
Екіншісі аса қатал көрінді,
Көнесіңдер кетсе де енді жан шығып!».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу