Өлеңдер ✍️

  16.03.2022
  145


Автор: Абдрахман Асылбек

Он алтыншы желтоқсан

Еркін өскен ертеден ел екенбіз,
Кең даладай мейірлі, кең екенбіз.
Байлықпенен жарасқан берекеміз.
Көп қой біздің думан-той, мерекеміз.
Көкпар тартып, бәйгелеп қыр басында,
Думандатып тойлаймыз жыл басын да.
Дүниеге іңгәлап бала келсе,
Туған күнін тойлаймыз, бір жасын да.
Айта берсек термелеп, тойымыз көп,
Тойға сояр ту бие, қойымыз көп.
Тойлап жатсақ әр күнді қуанышты,
Тоқтау салмас ешкім де қойыңыз деп.
Тойы бар ғой тойдың да жарқылдаған,
Халқымыздың қадамы қарқындаған.
Қой ұстіне бозторғай ұялаған,
Бүгінгідей қайда бар жарқын заман?
Астана етіп аялар Ақорданы,
Тәуелсіздік еді ғой ел арманы.
Жиырмасыншы ғасырда қол жеткізіп,
Ел болдық қой еңселі, кең арналы.
Он алтыншы желтоқсан – ұранымыз,
Он алтыншы желтоқсан – жыр-әніміз.
Тойламасақ бұл тойды дүрілдетіп,
Қалың елдің алдында күнәліміз.
Бұл күн үшін күрескен бабалар да,
Бұл күн үшін тірескен ағалар да.
Бұл күнді біз ерекше қастерлейік,
Өмір-өзен тоқтаусыз ағады алға.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу