Өлеңдер ✍️

  16.03.2022
  711


Автор: Абдрахман Асылбек

Имандылық

Кейбір адам кенет өліп жатады,
Кейбір жастар ерте сөніп батады.
Кім де болса, жақсы жанның өлімі
Жан жылатып, қабырғаңа батады.
Дос-жарандар өлген жанның жақынын
Жұбатады айтып сабыр ақылын.
«Аллаға да жақсы адам керек қой,
Сондықтан да, алған шығар пақырын.
Өзі өлгенмен, өлмейтұғын ізі бар,
Ел есінде сақталатын ісі бар».
Ал, егерде, жасы жеткен жан болса,
Дейді: «Жалғас ұлы менен қызы бар».
Иә, өмірден ерте кетсе жақсылар,
Бұл пәниде еш күнәсіз пәк шығар.
Жақсыларды ерте кетер себебі:
Алдарынан жұпар шашқан бақ шығар.
Ерте орын ап қақ төрінен жұмақтың,
Дәмін татып мөлдір кәусар бұлақтың.
Деген шығар жаны нұрға бөленсін,
Шуағымен мәңгі сөнбес шырақтың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу