Өлеңдер ✍️

  16.03.2022
  232


Автор: Нұрлан Оразалин

ҚЫС КЕЛБЕТI

Қар жауып жатыр себелеп,
дүние ойға батқандай;
ақша қар – аппақ көбелек,
көбелек ұшып жатқандай.
Әлдебiр сазға берiлiп,
ақ әлем, аппақ түнгi ұйып;
қараша бағы керiлiп,
кеудеме жатыр мұң құйып.
Оранып аппақ шәлiге
Алматы сылқым мүлгидi;
жетелеп әрi, әрiге,
жүректi бiр ой үңгидi.
Атамның үнi тәрiздi
кеудемде бiр күй сызады;
ойларды қозғап бар iзгi,
қараша желi ұзады.
Ертегi ғұмыр секiлдi
әжем айтатын баяғы;
аймалап ақ қар бетiмдi,
құшағын аспан жаяды...
Қар жауып жатыр себелеп,
бар ғалам ойға батқандай;
дүние – аппақ көбелек,
қапылып ұшып жатқандай.
желтоқсан, 1968 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу