Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  308


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨҢІЛІНІҢ ТЕҢІЗІ ЖОҚТАРДАН...

Бұған бола қайыспай кезең-белің,
Айтады ылғи былай деп “көсем” желің:
“Өлкем, сенде теңіз жоқ кеме жүзер
Қаншама көп болғанмен өзен-көлің.”
Жер толғасын бұл жайды, бел толғасын,
Аққан бұлақ және де көл толғасын.
Неге теңіз болмасын Жетісуда...
Сірә, о да керек-ау ел болғасын.
Жеті асқар боп осы жер айбынданған,
Қуанышын берді де, қайғымды алған.
Көңілінің теңізі бар емес пе,
Болмағанмен теңізі айдынданған.
Тозған сауыт сөгілер көбесінен,
Жүрме сен де өткеннің елесімен.
Көңілінің теңізі болмаса егер
Жүзе алар ма ем достықтың кемесімен.
Ер өлкем ғой жаулардың атқаны ұдай,
Сен де, сірә, кеудені қақпа бұлай.
Көңілінің теңізі жоқтардан шын
Жылап тұрып өтінем, сақта құдай.
***
Өлке ғой бұл
Өрісті ел пырақ қылған.
Пырақ қылған,
Жалғанды лақтырған.
 Айбынданған Жетісу емес пе, айтшы,
Жұмыр жерді бүтіндеп, құрап тұрған.
Жібере алмай жаулар да баста жойып,
Кері қайтқан өлігі – асқа тойып.
Не боларын кім білсін,
Бұл өңірді
Жұмыр жердің бетінен тастаса ойып.
Басталады онда апат...
Құнын көрдің,
Нағыз өзі емес пе шынында Ердің.
Сәл нәрседен бүлінген дүниедей
Кетері анық тоз-тоз боп жұмыр жердің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу