Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  134


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАРТ МІНЕЗІ

Жасында саят құрып, қыран салған
Менен де қалады-ау деп мына жалған.
Азанда көшені өрлеп келе жатты
Ақсақал қос самайын қырау шалған.
Сықырлап табан асты шыны қардай,
Әлгі шал тоқтай қалды тынығардай.
Сәл ғана адымдаса көрінеді
Сүрініп әлденеге жығылардай.
Көз салған секілденіп саяғына,
Ол бір сәт көз тастады аяғына.
Ол сосын жерге еңкейді әлде неге
Түсіріп бар салмағын таяғына.
Жоқшылық, сараңдықтың күйін шалған,
Алда ондай жоқ еді ғой қиын жалған.
Алғаны екі тиын жерге еңкейіп,
Кім білсін адам ба әлде тиын сауған.
Қонғандай күлімдеген күн төсіме,
Болмады менің сонда күлмесіме.
Ол менің өн бойыма көз тастады,
Тұрғандай қайранмын деп білмесіңе.
– Шырағым, түсінбе сен терісінен,
Бақыр деп бүгілмес ем ол үшін мен.
Алғаным тиын емес жерге еңкейіп,
Адамның еңбегі ғой тері сіңген...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу