Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  211


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАЛҒЫЗ ОҚ

Мен құсап нұрлы таңды қарсы ал, қауым,
Бола ма таң сәріден жар салмауым.
Күс қолдар жалғыз оқ та жасамасын,
Тілесек самай шаштың қар шалмауын.
Кір түсіргің келмейді Ана атына,
Сарбаздың қосылған соң санатына.
Жалғыз оқ атылса егер
Тиді дей бер
Ақ сұңқар арманымның қанытына.
Досыңды тар кезеңде жорта сына,
Қаптырмай түтін бірақ қолқасына.
Жалғыз оқ атылса егер
Түсіреді
Бір үйдің шаңырағын ортасына.
Адамға келмейді ажал аласарып,
Қырымнан тұрады әр кез дара шалып.
Жалғыз оқ атылса егер
Дүниенің
Кетпей ме нұр тәніне жара салып.
Бұл шындық,
Тартынамын мен несіне,
Жұртымның салам оны күнде есіне.
Жалғыз оқ емес пе еді тиген барып,
Әкемнің күміс күйлі кеудесіне.
 Армандар жатса осылай теріс ағып,
Аяқтан тұрмай ма онда кері шалып.
Кейде осы жалғыз оққа байланысты
Соғыстың кетуі де өріс алып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу