Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  139


Автор: Абдрахман Асылбек

Қайран жастық дәурен-ай

Жігіт деген желікпеде жоқ тізгін,
Көздеріне қараймын деп көп қыздың,
Көп күнімді қызық қуып өткіздім,
Қайран жастық дәурен-ай!
Күлім қағып тұрса ару, төзбек кім?
Тыпыршыдым батса екен деп тездеп күн,
Уақыттың қысқа екенін сезбеппін,
Қайран жастық дәурен-ай!
Қыз алдында ақтарылмай қалмақ кім?
Барлық жақсы сөздерімді арнаппын,
Ойламаппын кімді ілерін қармақтың,
Қайран жастық дәурен-ай!
Тілсіз тылсым бақытына бөлеп түн,
Таң біліне өз жолыммен жөнеппін,
Ертең әке боламын-ау демеппін,
Қайран жастық дәурен-ай!
Құрдық біздер бір арумен жанұя,
Мекеніміз болса-дағы тар ұя,
Жүре бердім көңілім көл-дария,
Қайран жастық дәурен-ай!
Өзгелердей балаларды бақпадым,
Қамқор болып, қызмет те таппадым,
Өз бетімен күттім қанат қаққанын,
Қайран жастық дәурен-ай!
Ал, өзім ше, салқын сыра ұрттап,
Жүргенімде, бар талантым тұрып қап,
Күте алмаппын уақытты құрықтап,
Қайран жастық дәурен-ай!
Құдай маған талант берді, бақ берді,
Ойланатын, толғанатын шақ берді,
Тыңдамаппын, баса киіп шәпкемді,
Қайран жастық дәурен-ай!
Өрістете алмасаң ой өресін,
Кемшілікті енді кімнен көресің?
Өткен күнді есіңе ала бересің,
Қайран жастық дәурен-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу