Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  74


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖОЛАУШЫ

Бір-бірін алма кезек жыға берген,
Қос шыңның екі арасын жыра бөлген.
Күн бейне салт ат мінген жолаушыдай
Желдіртіп сол кезеңнен шыға келген.
Аспанға қоймапты оны бекер іліп,
Жатады омырауынан от өріліп.
Ат басын жібереді Күн жолаушы
Жоғары бір алған соң көтеріліп.
Тұлпары жолдағы ордан үрікпейді,
Кей кезде нөсер терін бүрікпейді.
Көкжиек деген қырдан кеткенше асып,
Ол содан аттың басын ірікпейді.
...Қирайды-ау, бұл өмірден кетсем кеудем,
Жастық шақ өтті, кетті көп селдеумен.
Мен де сол жолаушыдай келем суыт
Көздеген жеріме ерте жетсем деумен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу