Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  153


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТАСТЫҢ МОНОЛОГЫ

Бұл ғасырда білемін озған бағам,
Дүниеге мен бе екем көз салмаған.
Қопарылып бомбадан кетпесе жер,
Қара таспын орнымнан қозғалмаған.
Ауыл үстін жайлаған желең кештей,
Өз орнында жатады денем көшпей.
Жауынгерден тамған қан сонау жылы,
Әлі, достым, тәнімнен келеді өшпей.
Осылай сан ұрынып жиі ағынға,
Арлы адамдай қызарғам күй алдында.
 Балға соқса шыңылдап жата бергем,
Аударылып тұлпардың тұяғында.
Жаңылғам жоқ әзірге жүрісімнен,
Ақын адам менен де жыр түсінген.
Атаса да мені жұрт қара тас деп,
Көктегі Айдың жоныма нұры сіңген.
Жұлдыз барын жүрсек те түнде көріп,
Қараңғы түн қалғыған кімге көрік.
Мен өмірдің жылуын сезінбесем,
Мен жонымды жатпас ем күнге беріп.
***
Мен сүрінсем демеп кетті барлық ән,
Сол шақта әкем қасиетімді таныған.
Сілтегенде жүзім кетпес үшін ол,
Шапқан аттың тұяғына жаныған.
Жанарымен жақындатқан жырақты,
Бір сөзбенен жігіт кейде мұратты.
Екі сөзді етпеу үшін өмірде,
Әкем маған ерттейді әркез бір атты.
Көк аспанның бір жақ шетін түргізген,
Өз әкем де көп жемістен бірді үзген.
Туған жердің көтерсін деп салмағын,
Ол кеудемнен атты әскерін жүргізген.
Тіршіліктің жүрегіндей дүрсілдеп,
Өсіп келем қолды ажалға бір сілтеп.
Бесікке емес... Асқар тауға бөледі ол,
Туған жердің ұлылығын білсін деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу