Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  134


Автор: Рафаэль Ниязбек

АНАЛАР ТУРАЛЫ

Сарбаздық туған елге берік қорған,
Батылдық бағымызға келіп қонған.
Аналар жолбарыстың жүрегіне,
Батыр ұл туу үшін жерік болған.
Сол болса жазылғаны маңдайына,
Жалғанды сан жіберген шалғайына.
Аналар ақын, әнші туу үшін,
Бұлбұлдың жерік болған таңдайына.
Қашанғы күзетсін ол қу ошақты,
Арманын бала жастан қуа шапты.
Жау таптап туған елін жатқан соң ба,
Аналар содан батыр туа сапты.
Құлаған тауыңды да кеп тіреген,
Ақындар туыпты ақын көп түлеген.
Айдында теңіз болып буырқанса,
Сілтесе семсер өлең көкті іреген.
Тасқынға бола алмайды тірек терек,
Толғатса сүйеп қалған білек дер ек.
Әдетте ақын, батыр туу үшін,
Анаға ат басындай жүрек керек.
***
Әкемді көп күткенімен болмады,
Ажал көңілі бірақ оған толмады.
Қан майданға барысымен ұзамай,
Хат орнына қара қағаз жолдады.
 Содан анам қалса оқыс күрсініп,
Қорғасын жер кететіндей сілкініп.
Дүние тұрды тамшы жасқа малшынған,
Кәрі емен қайта өнді бір сынып.
Тоңғандарды жылытуға жарайтын,
Күн орнына жат хабарлар тарайтын.
Атқа мінсе көрші үйдің баласы,
Мен анама...
Анам жерге қарайтын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу