Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  382


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖЫЛҚЫШЫ АТА

Сүйсінерсің тұлғама көз жіберсең,
Қарсы жүзем қаптаған селді көрсем.
Жылқышы ата!
Тілегім келгендегі,
Асауын бер жылқының енші берсең.
Бір тұғырды жауым да еншілейді,
Көкірекке жыр болып енші дейді.
Асау берсең аптығым басылар ма,
Жуас берсең көңілім көншімейді.
Бұл сөзіме түсіңді суытпағын,
Тұғырымның кетсең де қуып бағын.
Ең әуелі шылбырын ұстатуға,
Ауылыңның жаманын жуытпағын.
Көз ұшында көсілген тастақ далам,
Ат үйреткен төсінде асқақ балаң.
Төбе астынан дұшпаным бас көтерсе,
Тұяғымен асаудың жасқап қалам...
 Сүйсінерсің тұлғама көз жіберсең,
Қарсы жүзем қаптаған селді көрсем.
Жылқышы ата!
Тілегім келгендегі,
Асауын бер жылқының енші берсең.
***
Бұл сөзімді айтпашы, дос, долбар деп,
Ата аруақ әлі талай қолдар көп.
Мен туғанда қос бұрымы анамның
Құлап түскен мен жүретін жолдар боп.
Әкемді ме...
Пір тұтамын оны мен,
Болашаққа келем салған жолымен.
Мен туғанда жерден алған көтеріп,
Жаугер әкем ту көтерген қолымен.
Найза кірпік – ормандардан өтіп тым,
Жанарыма сүрінеді жетіп күн.
Мен биікті аңсайтыным сонан ба,
Мен туа сап қолдан шығып кетіппін.
***
Кім білмейді жақсы ғұмыр сүруді,
Кірпігімен таң пердесін түруді.
Бір адамдар арман етіп келеді,
Даналарға көлеңке боп жүруді.
Бұл бір қамал бұзып-жарып өт ерлік,
Күшіңде бар шырқап, ұшып кетерлік.
Баз біреуді көлеңке ғып қайтейін,
Бір өзімнің көлеңкем де жетерлік.
 ***
Көгеретін кезіміз ед не біздің,
Тағдыр қатал жұлды бірін егіздің.
Бабалардың өксігенін естимін,
Өксігінен теңіздің.
Мен сенемін шын түйсіну арқылы,
Сан мың дүбір тұлпарымның қарқыны.
Қара бұлтты тіліп өтсе найзағай,
Ол бабамның қылышының жарқылы.
Мен сенемін иманымдай мынаған:
Неден ұлы боп туады бұл адам.
Көк аспаннан ағып түссе бір жұлдыз,
Ол ер бабам тұлпарынан құлаған.
Тобығынан сан қырқылып құм да аса,
Шын өлгені жолын ешкім қумаса.
Сол бабалар қалар еді ұрпақсыз,
Ұлы дүние мына бізді тумаса.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу