Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  144


Автор: Рафаэль Ниязбек

ШЕБЕРЛІК ХАҚЫНДА

Табиғатым қыранның даусын берген,
Мен жігіт ем жасымнан тау, шың көрген.
Ұнамай жүр сондықтан хас шеберлер
Оқ жыланның тілінен қамшымды өрген.
Маңдайына бақыт боп бітті білем,
Жұртым оны қашаннан күтті кілең.
Ұнамай жүр, амал не,
сол шеберлер
Түтініңнен тоқитын түкті кілем.
Ұран болған өнерлі жасаққа ерген,
Ер жігіттер елі үшін азап көрген.
Ұнамай жүр шеберлер тау қарттарға
Саз балшықтан құдайды жасап берген.
Кей адамды амал жоқ көр қылғасын,
Жүрек жанған соңында өртім қалсын.
Сол шеберлер бүгінде жүрген жоқ па,
Жасай алмай Мұхтардың өр тұлғасын.
Құлап аққан бұлақтай тасадан дөп,
Қара тасты мүсін ғып қашаған көп.
Бір шеберлер жүр, әне, кең көшеде
Өр тұлғасын Мұхтардың жасаған боп.
Өміршең деп өнерді ел нық санайды,
Кездескенде қиындық ықса қайғы –
Ал мына қашалған мүсінді айтсақ,
Ұлы Адамға... Мұхтарға ұқсамайды.
 Арасында жарқ еткен қас қағымның,
Қайда оның жалыны жас шағының.
Байқап қара!
Оу, шебер, сол мүсінде,
Толқыны бар секілді басқа ағынның.
Ұлан-ғайыр көсілген даласы алып,
Сол бейнеге адамдар қараса анық.
Бір кемшілік байқайды,
Қайран Мұхтар
Тас мүсінде кеткендей аласарып.
Мін тақпас ем шебердің ісіне түк,
Қалса-дағы бағынан құсы кетіп...
Артық емес ақ басты Алатауды
Қашаса да Мұхтардың мүсіні етіп.
***
О, туған жер, балаң үшін төрсің тек,
Жіберетін кездерім көп өр сілтеп.
Ақ семсерді тұсыма ілем қашан да,
Ата жауым кірген бойда көрсін деп.
О, туған жер, жүрегің боп дүрсілдеп,
Өр кеудеңде шыбын жаным жүрсін тек.
Мен тұлпарды азынатып ұстаймын,
Қашқан жауым құтылмасын білсін деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу