Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  181


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҚЫН ХАҚЫНДА

 


І. Жансүгіровке
Айналдым, Ілиясыңнан, қайран бабам,
Барады көгімде күй, сайрандап ән.
Шарбы бұлт арасынан үнін естіп,
Мен бүгін өзгеше жан, жайраң қағам.
Көрген бе қиындықтан жасып тарлан,
Алысқа жетелейді асыл арман.
Мынау ел қасиетті әрбір сөзін,
Мөр қылып жүрегіне басып алған.
 Қазақтың жазирасы құндақтаған,
Кәдімгі қара жігіт күн қақтаған.
Өлеңі тебіренген теңіз болса,
Демігіп сүйіп жатты құмдақ-далам.
Өлеңі құдіретті ой тастаған,
Дабылы дүрліктіріп той бастаған.
Көгімде найзағаймен қауышса ол,
Жерімде Құлагер боп ойқастаған.
Кетеді мұндай сәтсіз толып қайғым,
Көңілге басын сұғып тобықтай мұң.
Арқалап құла түзден жел жетеді,
Тартылған ащы күйін Молықбайдың.
Сөз бар ма жақсылығын тізе берсең,
Шалғынды даласында жүзеді еңсең.
Мен түгіл құдіретің де бас иеді,
Сөзімнен қателікті түзе көрсең.
О, ақын, тау селіндей күркіреген,
Үніңнен мына байтақ қыр түлеген.
Ізіңді қуып жүрген ініңмін мен,
Қасымның жүрегіндей жыр тілеген.
Ой-киік үркіп қашып ұстатпаған,
Кідірсем кететіндей мұздап табан.
Ал өзім жас болсам да өзіңменен
Әр жерде теңесуге ұқсап бағам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу