Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  140


Автор: Рафаэль Ниязбек

КҮЙШІ

Ол отыр.
Жұрт жиналған төңірекке,
Ащы күй бас сұғады темір - етке.
Ұлыңды, сүйікті ел,
Тілегім сол,
Құйынды қу далаға тентіретпе.
Ол отыр тас боп қатып құр мүсіндей,
Бұл күнге жеткен жіптей бір үзілмей.
Алдында сары қымыз сапырылды,
Ол бірақ көз жасы боп тұр ішілмей.
Барлығы күйші шалға қарап қапты,
Ол байғұс өзін неге жарақтапты.
Тағдырға бар байлығын тарту етіп,
Зар заман... зарлы күйлі шанақты апты.
Атылған снаряд боп зеңбіректен,
Ащы күй жатыр өтіп темір - еттен.
Күйші шал зар шанақпен адам түгіл
Тасыңды тас жетімдей еңіреткен.
 Шипа ғой мына күйі тұлдыр етке,
Айтарым: қайран жұртым, қыбыр етпе.
Күйшінің алдына кеп басыңды иші,
Бас иер пенде болып құдіретке.
Күстенген саусағынан бақ тарады,
Киікті тұзақ - күймен ап қалады.
Теңіздей кейде таудай толқын атып,
Шанақтан кейде запыран ақтарады.
Орман да қалғып кетті қарағайлы,
Мына жұрт бүгін неге тарамайды.
Қыз отыр оң жағында сол күйшінің,
Қарайды мұңлы көзбен далаға айлы.
Дүбірге бөлегендей жал - құзды аңшы,
Сен де бір өз қолыңа алғыз қамшы.
Тұрғанда күйін тыңдап, тамып кеткен
Мына көл...
Қыздан қалған жалғыз тамшы.
***
Бабам менің жақсыны көп тізіпті,
Желге төсін айқара өпкізіпті.
Бір садақтың бір оғын егескенде,
Он жүзіктің көзінен өткізіпті.
Кәсіп етті білмедім өзге немен,
Атағына өмірі сөз келмеген.
Түсірсе ол түсірген бір-ақ атып,
Өзгелердей екі рет көздемеген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу