Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  220


Автор: Рафаэль Ниязбек

ШАБАНДОЗДАР

Ал, кетті!
Көкпар кетті... қайтар басын!
Дүйім жұрт осы жолы жай тарқасын...
Қара жер сан тұяқтың дүбіріне
Сүйсініп қыртыстанған жайды арқасын.
Әйтеуір, шаң соңында арай қалсын,
Несіне озған топтар қарайласын?!
Жеткені оза шауып, жұлқа тартты,
Асырып сол орайда бар айласын.
Ұранды құлақ жарған тірек қылып,
Тартысты шабандоздар білек түріп.
Доданы талқан қылып жұлып шығу
Үшін, дос, керек екен жүректілік.
Құрайды кейде дода бұлқып тізбек,
Осыны өршіл жігіт жұлқып үзбек.
Астағы арғымақтар соқтығысты,
Зеңгірдің еркесіндей бұлтын іздеп.
Барады көкпар легі дүрілдетіп,
Соңында бірі қалды, бірі жетіп.
Ақ шаңға өздері кеп тоғытылды,
Бойынан шалдардың да діріл кетіп.
Мұны да кейін жыр ғып айтар халық,
Ей, жігіт, өжет болсаң қайтар барып?
 Анау да берілетін емес шіркін,
Арынды жолбарыстай қайсарланып.
Сол жолда қиын-қыстау көрсек мейлі,
Әйтеуір, ат үстінде өлсек дейді.
Е, олар тағдырға да қарсы шауып,
Серкедей қолыңдағы бөлшектейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу