Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  119


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҮРЕЙ БОЛЫП КӨЗІНДЕ ТҰРЫП ҚАЛАМ

Биіктеген мезгілде түскі аспаным,
Ей, сұрқылтай менімен ұстаспағын.
Сау адамды ауыртқан дәрігер ме,
Жең ұшынан жалғасып, ұштасқаның?
Кісілікті сақтағың келсе егерде,
Ерегісіп ақынмен ұстаспағын.
 Азаттық кеп, арайлы таң атқанда,
Мұң кетпеді көзімнен, қабақтан да.
Кәне, шыққан мүйізің?
Сыпсың қағып,
Қатын өсек еліме таратқанда.
Ей, сұрқылтай өзіңді құныс көріп,
Жалдады ма алтын мен күміс беріп?
Жырым оқ боп қадалса,
Сен өлесің
Ине жұтқан иттейін жіңішкеріп.
Елге қашан сен жақтан сый ағылды?
Құрттар ғана кеудеңді ұя қылды.
Ойлы елімнің ойсызы сен болмасаң,
Неге есек боп төсейсің тұяғыңды?!
Есін жиып, ел жаңа түзелгенде,
Өкше ізіңе шам алып түсем мен де.
Кім екенімді білерсің сонда менің,
Жал-құйрығың байталдай күзелгенде.
Тұншықтырсам егерде толқынға атып,
Түнде ұйқыға кетерсің қорқып жатып.
Ар-ұят боп кеудеңе мен ұялап,
Тас миыңды шағамын солқылдатып.
Әділет пен ақиқат сөз алғанда,
Жақсы емес-ау қуарып, бозарған да.
Сен астында қаласың қорым тастың,
Мен орнымнан тау болып қозғалғанда.
Сұра менен кешірім – егеспегін,
Жадырасын қол соғып белес-белің.
 Еркек болсаң,
ер болсаң бұдан былай,
Қатын өсек жел болып елге еспегін.
Намысымды ешқашан суытпағам,
Сендейлердің талайын шыбықтағам.
Дүлей болып басыңа төнбесем де,
Үрей болып көзіңде тұрып қалам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу