Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  670


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚУЫС КЕУДЕ

Жандар көп те кеудесі қара қуыс,
Алсын қалай кең байтақ дала тыныс.
Қуыстардың барлығын құрт жайласа,
Азып-тозбай қайтеді жаратылыс.
Қаны қызып, намысын тулатпаған
Мәңгүрт көп те сенімді кім ақтаған?
Сол шіркіннің кеудесі – тозған құбыр,
Қысы-жазы бітеліп, су ақпаған.
 Жөн болғасын сол неме қуыс кеуде,
Аузым қалай барады туыс деуге.
Арамзаны тыңдайды неге жұртым?
Жоқшылықты әкелген ырысты елге.
Үсті-басын жыл сайын жаңалаған,
Сол шіркінде ой бар ма саралаған.
Бағасы артқан заман ба жұлымырдың,
Онға бөліп өз жұртын алалаған.
Кеудесі оның қайтсең де қара қуыс,
Жыбыр-жыбыр қара құрт балалаған.
Күннің нұры түспеген қабағына,
Қуыс кеуде жан түгел саналы ма?
Туған елін күн жеген ақ сауыттай,
Тоздырғандар, кім білсін, бағалы ма?!
Аузы айнымай кемпірдің кебісінен,
Өсек қуған тана ма желісінен.
Сырты адамға ұқсаған бір мылтық ол
Маған қарай атылған ел ішінен…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу