Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  143


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАРА МЫЛТЫҚ

Ақынның тілін алмаған,
Өз басын жұтып жалмаған.
Бұқарды тыңдап Абылай,
Қырғынға халқын салмаған.
Абайға қамшы көтерген
Оразбайлар қайда қалмаған.
Әкім боп атқа мінгенде,
Жұрт тонап, елді арбаған
Сұрқылтайлар мені сыртымнан
 Ғайбаттап қайда бармаған.
Ағайын қанша сөз қуған,
Сөз қуып табан тоздырған...
Махамбет досын тыңдамай,
Исатай батыр көз жұмған.
Қалың қол жетсе қаптаған,
Қай өзен теріс ақпаған.
Бөлтірікті тыңдап, Ағыбай
Жалайыр елін шаппаған.
Сыпатай батыр арды аттап,
Қырғызды ханға сатпаған.
Ақынын беттен қақпаған –
Қасиетін елдер сақтаған.
Ақынын отқа қақтаған –
Елдердің таңы атпаған.
Асылын ардақ тұтпаған –
Ақынның мұңын ұқпаған.
Гетенің жырын отқа өртеп,
Гитлер ме басын жұтпаған?
Көр пілте сұмдар жиылып,
Өрте деп жазған жырымды,
Гитлердің жолын құптаған.
Көзіне кітап көрінсе,
Қаншық па көті құрттаған.
Кім-кімде ардан аттаған –
Қара су толқып ақпаған.
Күркіреп туған ақынды
Жылан да шапшып шақпаған.
Оқталған қара мылтықтың,
Күні бар ма мені атпаған.
 Үйіне жетпей өлген-ді,
Үйінде тыныш жатпаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу