Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  202


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚЫЛЫШТАН ӨТКІР ЖЫР-ҚАЛАМ


Есті елдің де есектері көп болған,
Ұлы елдің де ұрылары көп болған.
Өр Таластың ойсыздары жоқ болса,
Жұрттың неге көкірегі өрт толған?!
Жұрттың неге көкірегі дерт толған?!
Ойсыздардан ойлы қанша мерт болған?
Өз қоғамы түсінбеген ақын да –
Бір жалғыз үй ауылынан шет қонған.
Арғымақтан есектерді оздырған,
Қарау қоғам мені ашынтып, қоздырған.
 Тозған жұрт та бағаламай ақынын,
Ақ сауыттай жүйкесін жеп тоздырған.
Қара тобыр не біледі тегінде,
Таяқ жейтін кезім шығар менің де.
Ұлы Абайға көтерілген сом қамшы,
Кім ойлаған сақталған деп елімде.
Қара тобыр не біледі тегінде,
Мерт болатын кезім бе әлде менің де.
Махамбеттің басын шапқан сом қылыш,
Сақталған да шығар, бәлкім, елімде.
Жау шықса да қиылыстан,
Бұрыштан,
Елім мені сомдап құйған құрыштан.
Кімнен қорқам,
Неге қайтам бетімнен,
Жыр-қаламым өткір болса қылыштан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу