Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  114


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАЗУШЫ МҰСА РАХМАНБЕРДИЕВТІҢ ҚАЗАСЫН ЕСТІГЕНДЕ


Жер бетінен теріп жеп бұйырғанын,
Күн нұры еді шомылып, құйынғаның.
Соғыс жоқта,
өрт жоқта Мұса – бауыр,
Қыршыныңнан бұл қалай қиылғаның?!
– Қала жайнап,
құлпырса ауыл жайнап,
Шомылғаннан, – деп күліп, – жауынға
айлап.
Көңіл, шіркін, кей-кейде қалғығанда
Қанатыма кетуші ең дауыл байлап.
Асау аттың жармасып құлағына,
Асыл іні өзіңдей туады ма?
Шер-ағаның тынысы секілденіп,
Кейде тартып кетуші ең Жуалыға.
Көз де салмай шендінің шекпеніне,
Бауырым ең жем шашқан кептеріне.
Сені көктей солар деп кім ойлаған
Көктем болып жеткенде көктеміне.
Тұманданып,
көз алдың қатпарланып,
Қарап тұрып қалдың ба жатқа алданып.
 Жауға арнаған өз оғың тиді өзіңе,
Ит секілді иесін қапқан барып.
Жан бауырым!
Қазаңды естігенде,
Тұра алды ма егілмей есті пенде.
Ажал қалай тап келді
Қашқан талай
Түнделетіп көшеде кеш жүргенде.
Жүре бермей, Мұсажан, жанып елде,
Ғайып болдың...
Жол тартып кәрі белге.
Түскен тастың бәрі ауыр шығар, бәлкім,
Қазаң сенің болды ауыр бәрінен де.
Күңіренсе жас таулар сел ақтарып,
Ызыңдайды ышқынған жел ақталып.
Жарық жалған тозаққа айналғасын
Кеттің бе, әлде жұмаққа сен аттанып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу