Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  196


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТЕРЕЗЕМНЕН АТЫЛҒАН ЖҰМЫР ТАС


Жорғалаған заманда күн бағынып,
Көшелерде жүрмейді кім қағынып.
 Тереземді сындырып тас атқан кім?
Түнгі он бірде –
қараңғы түн жамылып.
Түн жамылып тас атса – төзбегені,
Ақпағасын өзінің өрге өзені.
Жұдырықтай жұмыр тас неге атады,
Жұмыр басым болмаса көздегені?
Қара көзден сорғалап жас аққаны –
Жауыз қолдың топырақ асатқаны.
Алты Алаштың баласы азбаса егер,
Тереземнен бұл қалай тас атқаны?!
Қыран баптап,
өсірген құмай мақтап,
Ана үмітін адамдар тумай ма ақтап.
Тереземді сындырып атқан тастан
Аман қалдым, әйтеуір, Құдай сақтап.
Шуағыңды жүрсең де күнде бөліп,
Жол береді көшеде кім бөгеліп.
Ертеңдері атпасын мылтық неге
Тереземнен тас атқан түнде келіп?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу