Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  158


Автор: Рафаэль Ниязбек

БҮТІНДЕЛЕМ ДЕП ӘСТЕ СЕН ОЙЛАМА


Ойлан, балам!
Жақсы емес ойланбаған,
Қызығымсың сен әлі тойланбаған.
Ел тізгінін ұстаған қомағайлар
Дүние-әлемді ішіп-жеп сойқаңдаған.
Ойлан, балам!
Жаралғандай төсінен күн мен жердің,
Бәрін есті санама жүрген елдің.
Ақыл айтып жан әкем кетті деме,
Тыңдамауды үлкенді кімнен көрдің?
Ең жаманы қарғыстың: өзің білмеу,
Тілін алмау және де білгендердің.
Жаным, балам!
От шайнап жалындаған,
Жігіт боп та жетілдің арындаған.
Дәтке қуат көңілге жалғыз нәрсе,
Мұсылмансың араққа салынбаған.
Тұнығыңды ит-құс кеп шайқамасын,
Өзен болсаң егер де ағындаған.
Асыл, балам!
Неге де тасынбаған,
Кезі бар ма әкеңнің ашынбаған.
Сақта өзіңді қашанда,
Жассың әлі,
Он екіде бір гүлі ашылмаған.
 Мәңгі деме жиырма бес – сайран жасым,
Не көрмейді алда әлі қайран басың.
Ел билесе миғұла ақымақтар
Халық неге тобырға айналмасын.
Елде арман жоқ сардарын сапта көрген,
Ерде арман жоқ сенімін ақтап өлген.
Өмір деген жунгли,
Қорғана біл,
Қай-қайдан да жыртқышы қаптап өрген.
Ғұмыр кешіп тірлікте сен жеңілмей,
Жарқырасаң бар ма арман бейне күндей.
Өзіңді ұста,
Жүйкеңді тоздырмағын,
Киіп-киіп тастаған көйлегіңдей.
Жанарыңның түбінде мұң жатқандай,
Ашу қысса тұрмайсың бұрқап қалмай.
Айналайын жан балам!
Кім жүр дейсің
Мына сырқат қоғамда сырқаттанбай?
Өскен жігіт емессің күтім көрмей,
Тірлік жаса қайдағы күңкілге ермей.
Бүтінделем деп әсте сен ойлама,
Қырық жамау ел-жұртың бүтінделмей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу