Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  120


Автор: Рафаэль Ниязбек

ДАСТАРҚАН БАСЫНДАҒЫ ҚЫЗДЫРМА ӘҢГІМЕ


Жанын, рухын аруақ тұрған жебеп,
Жарқылдаған жанарын нұрға теңеп.
Шабытты ақын шалқыған,
Көңілі жайлау
Бір жігіттің жүрегін жырға бөлеп.
Ол жігіт те жаралған жылы ағыстан,
Өзі жайлы жырды оқып құрақ ұшқан.
Сұр бетонмен апталған тас үйі де
Жарылғалы тұрған-ды қуаныштан.
 – Таулар – басым,
жазылған далам – маңдай.
Құс тілді орман – отауым,
Балам – балдай.
Жырға айналған қайныңа көрімдік бер,
О, жездеке,
Тас қолың сараңданбай.
Жан сырымды жездемсің жете білген,
Жырдың ақ боз тұлпарын жеке мінген, –
Ақын аға төрде отыр,
Танысып қой,
Кісідейін бір белге көтерілген...
Түсті ме бақай есеп – қу араға,
Арлы ақынды ұқсатқан дуанаға.
Жездесі оның:
– Оқиын, – деп те айтпады, –
Жырыңызды ауызы дуалы, аға!
Асау қаны тулаған тамырда ағып,
Ақын бұған қалған-ды шамырқанып.
Жездесіне жігіттің жалт қараған
Ақыл қалып жайына,
Сабыр қалып:
– Шын мәрттіктің ауылы жырақ әлі,
Көңіл шауып тұр, бірақ, сынағалы.
Қайныңды, айтшы, қаншаға бағалайсың,
Сенен сонша отырмын сұрағалы?
Ақын аға әр ненің парқын білер,
Мырза деп те ойлаған жарқын күлер.
 – Бір көк шиша, – дегені қолп еткен боп,
Бет-жүзінен сәл есіп салқын жігер.
Томсарды ақын жауапқа қанағаттанбай,
Кеңдікке үйретем деме
Бұларды далаға ап бармай.
Екі күннің бірінде
Жыр-жүрегің жүрмейді жарақаттанбай, –
Тоғышар жандар барда тырсылдаған
Ауызын шымшып буған ала қаптардай.
Қас-қабағын сездірмей жаратпаған,
Сөзін қайта арлы ақын сабақтаған.
Жүрегінің елемей шым еткенін,
Дұшпан көздер ине боп шабақтаған.
– Қайын жұртын жігітсің жағалаған,
Сөзім емес бұл сені табалаған.
Алты Алаштың ішінен сені көрдім,
Көк шишамен қайнысын бағалаған.
Ақша бұлттар айналған жаулығына,
Табанына тастаған тауды мына.
Тост көтерейік, – десең сен, –
жараспай ма,
Рухы биік қайнымның саулығына.
Жаның сондай шуаққа сүйіне ме,
Күмбір қағып еспейді күйің неге?
Бас пайдасын көздеген жансың ба, әлде
Теңге – көзбен үңілген дүниеге.
Марқасқа жауап та, інім, елдікке арай,
Саған ондай бітеді кеңдік қалай?
 Бедірейген бедеу бет пенде екенсің,
Селт етпеген –
Тұманын серпіп маңай,
Үй-іші боп көрсе де желпіп талай.
Төс қалтаңа алтыннан шынжыр тағып,
Айналаңды отырсың шымыр бағып.
Жел сөздерге қаның да қызынбайды,
Алпыс екі тамырың – құбырда ағып.
Мысықша аңдып тұрмысың шап бергелі
Түсе қалса бір тиын сыңғыр қағып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу