Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  170


Автор: Рафаэль Ниязбек

МЫҚТЫ БОЛСЫН БОСАҒАҢ

Шарпылғасын ылғи да өрге демім,
Ит тірлікте жоқ шығар көрмегенім.
Жазығым не,
оу, тағдыр,
жазығым не?
Егер кінәм болмаса өлмегенім.
Босағада телміріп жүрмін әлі
Шығар кезім келсе де төрге менің.
Жығылсам да алдағы жетіп күнге,
Зіркілдедім сұстанып жекіп кімге?
Іргең осал болғасын
босағаңды
Мендей өжет ақынмен бекіттің бе?
– Жауыз көп те түбінде Қособаның,
Ел ұйқыда,
көңілі хош ағаның.
Төрден гөрі бүгінде жақсы, – дейсің, –
Мықты, берік болғаны босағаның.
Қазақ бар ма бойына жел бітпеген,
Сұмдық қанша тірлікте ел күтпеген.
Шаңырағын құлатпай тынды қашан
Босағасын тас қылып бекітпеген.
Жандар қанша аузымен күн ұстаған,
Ажал жетсе
биіктен кім ұшпаған.
Төрін күтіп ұстамай білсең қазақ
Көрін қазып алдымен дұрыстаған.
 Құпта, мейлі, сезімді, құптамағын,
Қайғы жұтып тауып жүр жұрт тамағын.
Бекежандар қаптаған сұм заманда
Босағаңды жөн шығар мықтағаның.
Қособаның түбінде бұғып жатқан,
Жауыз қанша шындықты шырылдатқан.
Қара жылан –
Құйрығы қараулықтың
Жер сабалап обадан шығып жатқан.
Тобығынан тұлпардай тұралаған,
Ірге қанша желге де шыдамаған.
Берік болсын босағаң
Төрге ұмтылған
Қандай жау да іргеден сығалаған.
Намыс кірмей қан тамыр – құбырыңа,
Көктем лебі есе ме ғұмырыңа.
Елдің қалай іргесі бекиді, айтшы,
Мықты ақындар айналмай тұғырыңа?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу