Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  175


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАЗҒАН ЖЫРЫМ – ХАЛЫҚТЫҢ БАЙЛЫҒЫ ЕДІ


Сұмдық қанша жолдарда жолықтырған?
Күндер қанша жанымды торықтырған?
Аңғал-саңғал үйге де мен ұқсаймын,
Жан-жағынан ызғырық соғып тұрған.
Алай-дүлей не нәрсе шырықты алған?
Қайықпын ба жағаға шығып қалған?
Жалғанбаған жарықтың қуатына,
Шәйнекке де ұқсаймын суып қалған.
Жапырағы тоналған талмын кейде
Жел өтінде ыздиып тұрып қалған.
 Күн кешкесін көңілі жарым елде,
Бақыт түгіл бақыр жоқ әлі менде.
Жалған дүние, шынында, жалған екен,
Бәрі алдайды,
Түңілдім бәрінен де.
Көңіл қалып достан да, таныстан да,
Жақыннан да безіндім, алыстан да.
Мыңды қалай жеңемін,
Жеңіп пе еді –
Мыңмен жалғыз ұлы Абай алысқанда.
Ерлер қайда жыр оқып, жаны ағарған,
Жаны ағарып,
күн сайын жаңаланған?
Не айтасың бұл жұртқа
Кітап алмай
Малын сатып апиын арақ алған?!
Аласармай тұрсын деп асқары ердің,
Ашық, нұрлы болсын деп аспаны елдің, –
Жазған жырым –
Халықтың байлығы еді,
Сол байлықтан бұл қалай қашқаны елдің?!
Тылсым сырын жасырған терең көлдей,
Жырым қанша жабыққан елге еленбей?
Байлығынан бас тартып қашса, ағайын,
Кедейленбей қайтеді,
Кедейленбей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу