Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  135


Автор: Рафаэль Ниязбек

ОРЫС ЖІГІТІНІҢ ҮЙЛЕНУ ТОЙЫНДА


Жандырғанда жүрегін өртеп арман,
“Тесік моншақ жоқ, – деп те, – жерде
қалған”.
Көрші жігіт үйленіп, той жасады,
Шақырғасын сол тойға мен де барғам.
Бұйырғанын еркін жеп, еркін ішіп,
Жұрт отырған көңілді желпінсіп.
Қызғылықты шақ еді,
Жоғалғандай
Мұңның бәрі кейінге серпілісіп.
 Кеңістікті дүр сілкіп тұман жапқан,
Бір ғаламат той болды думандатқан.
Билер қанша биленді –
Көк теңіздің
Секілденіп толқыны тулап жатқан.
Алдарынан саумал жел көркем есіп,
Жұрт отырса ән шырқап, өркені өсіп.
Екі қазақ сол кезде тыста жүрді,
Қызыл шеке қан болып төбелесіп.
Неге сонша ұяттан тұлдыр еді,
Жүрегімді сол бір жай тілгіледі.
Түтініміз қисайып, түзу ұшпай
Түзелуден кеттік пе...
Кім біледі?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу