Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  146


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАРТАС

Өрт жанымды кім менің түсінеді,
Көңілімнің күреңі кісінеді.
Желкенімді жел қиды желкесінен
Алтын кемем айдында жүзіп еді.
Өмірімнің өртеніп жиі өткелі,
Сүйегімді көп болды сүйреткелі.
Қолдан дауыл тұрғызған мықты қанша
Желкен керген кемемді күйреткелі.
Жұмыр басқа бақ емес, шаң қонғасын,
Неге менің көзіме қан толмасын.
 Шаба алмайды екенсің кең көсіліп,
Талант жолы қуықтай тар болғасын.
Жас күнімде жарқылдап жарақтайын,
Шау тартқанда жұқардым қалақтайын.
Бір күндері тағдырым талқан болып,
Қаламын ба шашылып сағаттайын.
Бітпесе де сауалы, сұрағы әлі,
Дүниеге келгенмін шыдағалы.
Тәңір мені ақын ғып жаратты ма,
Тауқыметін мол артып сынағалы.
Сауыт кеудем сонан ба сілкінеді,
Көңілімде бір сәуле жүгіреді.
Көкірегін найзағай осқылаған
Алып жартас шығармын кім біледі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу