Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  121


Автор: Рафаэль Ниязбек

МАХАББАТТЫҢ ЕСІГІ

Тарта берме қызықтап сөзге мені,
Көңіліңнің не сонда көздегені.
Алып-ұшып тұрасың серік іздеп,
Жалғыздыққа өрт жаның төзбегелі.
 Бақыт құсың ұшса да көкті айналып,
Жанбады ма жанарың шоқтай жанып.
Махаббаттың қан қызған базарында
Сорладың ба, кім білсін, өтпей қалып.
Өткелдерден жүргенде күліп өтіп,
Солған гүлдер қаншама күні жетіп.
Жылап-сықтап перонда қап қойдың ба,
Махаббаттың пойызы жүріп кетіп.
Албыратып ақ жүзін жуған арай,
Анаң сені ерке ғып туған қалай.
Махаббаттың кемесін дауыл шайқап,
Лақтырды ма портынан суға қарай.
Жайғасқанда төріне жұрт жайланып,
Сорладың ба аспаның бұлтқа айналып.
Махаббатың қол бұлғап шақырғанда,
Жылаттың ба үйіңнен шықпай қалып.
Жүрегіңнің сәулесі шыңға асылмай,
Әлі күнге аптығың жүр басылмай.
Өкпелетіп алдың ба кім біледі,
Махаббаттың есігі тұр ашылмай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу