Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  143


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАН ТАМЫР

Туғасын ба қабырғалы өр елде,
Жүріп өткен жолым жатыр өлеңде.
Жаны аласа жандар емес деп айтам,
Жүргендердің бәрі бірдей төменде.
 Қилы шақта дос табылмай қасымнан,
Өжет болып өсіп едім жасымнан.
Табалдырығымнан аттағанның бәрі де,
Аттайды деп ойлайсың ба басымнан.
Қарағайлы тауым барда еңселі,
Жігіттердің қоры деме сен мені.
Мен емес деп кім айтады жалғанда,
Туған елдің сертке ұстаған семсері.
Бой алдырып ішті өртеген күйікке,
Тіршілікте оқ атпадым киікке.
Үнім менің шығар ма еді, жазған-ай,
Күнім өрлеп шықпаса егер биікке.
Болашақтың жеңіп алған жүлдесін,
Керуенге иттер неге үрмесін.
Кеудем менің ақ сауытқа айналған
Жауған оқтың өтінде ылғи жүргесін.
Алда талай туар әлі шұбар күн,
Небір қилы қиындыққа шыдармын.
Дүниенің жүрегіне қан құйған
Жұмыр жердің қан тамыры шығармын.
*** *** ***
Сенен асқан кісі жоқ-тын бұл маңда,
Таудай еді тұлғаң да.
Қаисетсіз екенсің-ау деп тұрдым,
Қасиетсіз жанды мақтап тұрғанда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу