Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  128


Автор: Рафаэль Ниязбек

СОҢЫМНАН АЖАЛ ҚУҒАНДА

Түнде көрген түсімде,
Бұрқанған өжет пішінде, –
Құйғытып келе жаттым мен
Көгілдір әлем ішінде.
Арайлап атқан ақ таңда,
Арманым қанат қақты алда.
Ығысып таулар жол берген
Құйғытып келе жатқанда.
Жібек жел тербеп қияқты,
Төбемнен жұлдыз жиі ақты.
Көктегі ақ бұлт...
Атымның
Ақ көбік тері сияқты.
 Мұратқа, қайтсем, жетем деп,
Көрген емеспін тепеңдеп.
Құйғытып келем
Алдымнан
Ақ күн туар ма екен деп.
Туғанның бәрі есті елде,
Қайғы-азап, сірә, кешкен бе.
Саңқылдап өлең оқығам
Алдымнан самал ескенде.
Өрге атым шауып тұрғанда,
Бақытты жанмын бұл маңда.
Жеткізбей жүрсем жоқ арман
Соңымнан ажал қуғанда.
*** *** ***
Иттері көп заманда ырылдаған,
Жүрегімді не нәрсе сығымдаған.
Көрінгеннің көзіне күйік болдым,
Айтамын деп шындықты шырылдаған.
Көңілімнен көрікті жыр көшкенде,
Жалғандық кеп атыма мінгесті елде.
Бағым жанып, алдымнан ақ күн туды,
Өтірікті бетке ұстап күн кешкенде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу