Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  125


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТЕҢІЗДЕЙІН ТЕРЕҢІ ТУЛАП ЖАТҚАН


Қайран уақыт арбамды қаусатқан ба,
Жата бергім келеді шау тартқанда.
Күні кеше алаңсыз жүрген едім,
Арқардайын секіріп тау-шатқалда.
Тіршілікте жанмын ба кеш түлеген,
Сұмдық қанша мен әлі естімеген.
Дәрігердің жалаңдап ақ пышағы
Көзім көрмей қалғанда кескілеген.
Кісі бар ма білетін күйімді елде,
Аласұрам бөлмемде күйінгенде.
Төсегімде толқындай дөңбекшимін,
Көзім менің ауырып түйілгенде.
 Жанарымда көзінің нұры қалып,
Кім билесін алдымда мың бұралып.
Жанға батып, бауырым сыздағанда
Лақтырғым кеп кетеді жұлып алып.
Сай-сүйегім сырқырап қақсағанда,
Қайыр күтпен қарадан, патшадан да.
Жанға шипа бола алмай бірге егілген
Алатаудан есетін ақ самал да.
Жылға көп пе жанымда жылап аққан,
Күнім қанша қамығып, мұңға батқан.
Бірақ та әлі келемін сыр білдірмей,
Теңіздейін тереңі тулап жатқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу