Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  131


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҚИҚАТТЫҢ ЕСКЕНДЕ АҚ САМАЛЫ


Қусырылып дүние тарылғалы,
Шырқыратып келеді жанымды әлі.
Кеудемді ашу қысқанда,
Тұрады ылғи
Бомба болып жүрегім жарылғалы.
Рухы жебеп жүргенде сұсты ананың,
Күнде естимін көгімнен құстар әнін.
Кейде қилы тағдырым қылп-қылп етіп,
Тұрады өткір жүзінде ұстараның.
Өміріме кім кетсін серпін беріп,
Жатқан ұлы кезеңде ел гүлденіп.
Аттан түсіп қалмасам жарар еді,
Сыпырылған ер-тоқым секілденіп.
Жапырақ боп байланып терегіне,
Бақыт тілеп жүргенде сері еліме, –
Уақыттың бұрқанған ағыстары
Жібере ме батырып тереңіне.
Тұрған жандай сезінем дар алдында,
Азап үшін, білмеймін, жаралдым ба.
Бір қырқада жүрмін бе тоқтағалы,
Тоқтап қала береді сағатым да.
Жараланып, арманым ақсағалы,
Көңілімнің қираған тас қамалы.
 Жалғандықтың бәрін де мен жеңермін,
Ақиқаттың ескенде ақ самалы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу