Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  188


Автор: Рафаэль Ниязбек

БҰРЫНҒЫ ЕРЛЕР ЖӘНЕ БҮГІНГІЛЕР

Суық түсіп, көңілдің жазы азайды,
Жүрегімді көп нәрсе мазалайды.
Таршылықта күн кешкен тағдырлы елге
Билік неге жақсылық жасамайды?!
 Ойда жоқта тұнығын шайқап алып,
Жоғалды екен ар-ұят қайда қалып.
Ұлтқа тұтқа болатын азаматтар
Ел азған соң кетті ме майдаланып.
Жырмен емдеп дертіңді жаза алатын,
Бұрынғы елдің сағындым азаматын.
Сол бір күндер қайыра туады ма,
Өмірімнің өзені таза ағатын.
Бұрынғы ерлер түс қашып, түн қататын,
Буырқанып ішіңде мұң жататын.
Көшін бастап ілгері жөнелгенде
Қатер егер кезіксе құмға ататын.
Ар-намысты тірілтіп өліп қалған,
Туған елдің тереңін тулататын.
Нарттай жанған жүздері секілденіп,
Нарттай жанып жиекке күн бататын.
Күн туса егер жылғада қайғы ағатын,
Бәрі түгел намысқа қайралатын.
Рухы күшті болатын сол ерлердің,
Сөйлегенде ақ шыңға айналатын.
Өлтірсе егер қайыра тірілетін,
Ойлы көзбен өткенге үңілетін.
Қандай қилы кезде де ел қамын жеп,
Күн қондырып кеудеңе жүгіретін.
Қанден иттер жабылып пілге үргелі,
Дүние түгел өзгерген бұл күндері.
Атқа, сірә, міне ме бүгінгілер
Ала тайдай ел ішін бүлдіргелі.
 Самарқанның жаралған көк тасынан,
Басшы бақыт іздей ме көп қасынан.
Өз отбасын күйттемей не істейді,
Көрмесе егер арғыны отбасынан.
Көңілімнен сұңқар жыр түлеткелі,
Өткел беріп өмірдің тұр өткелі.
Өз отбасын күйттеген сыпалардың
Қалай соқсын “Отан!” деп жүректері.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу