Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  147


Автор: Рафаэль Ниязбек

СҰЛУЛЫҚҚА НЕГЕ АДАМ ОҚ АТАДЫ?


Тербетіліп жайқалған дүр қарағай,
Киік кетіп барады қырға қарай.
Сұлулығы болатын боз даланың
Жанарына жарқылдап тұнған арай.
 Қабағынан қар жауып қыс түнерген,
Сұм ажал да жағынып күштіге ерген.
Қарағайдың түбінде жатқан еді,
Киікті аңдып мылтықты сұсты мерген.
Шара қайсы сұмдыққа төзбегенде,
Көңілімнен суынып көшті өлең де.
Қыбы қанып тұратын секілді бір
Сұлулықты адамдар көздегенде.
Сусылдаған жыландар оратылып,
Қара дауыл ішімде борады ұлып.
Киік кенет ышқынып құлап түсті
Қарағайдың түбінен оқ атылып.
Самал есіп таңдардың қанатынан,
Сұлулықтан киік бұл жаратылған.
Адам атқан сұм оқтан мерт болғанда
Қара жердің қан атқан қабатынан.
...Көк ала бұлт көгімде сызданама,
Ерте түскен секілді күз далама.
Сұлулыққа неге адам оқ атады,
Іші күйіп, өртеніп қызғана ма?!
*** *** ***
Көрген емес бұлттанып ел аспаны,
Пайғамбардың жасынан мен асқалы.
Алатаулар төріме жайғасуда,
Көңілімнің есігін кең ашқалы.
Қар боратып, уақыт қағынғанда,
Неден қорқып, сескенем бағым барда.
 Жігіт кезім шығады ат ойнатып,
Қанжарымды беліме тағынғанда.
Адырнасын өгіздей мөңіретіп,
Өмірімнің үлгерген көбі кетіп.
Көз жасымды үзіліп тасқа тұнған
Күндер аз ба сімірген мөлдіретіп.
Жылдарымның көбісін ұрлатқалы,
Есігімді тұр дейсің кім жапқалы.
Анам мені албырап туған еді,
Тереңімді тулатып жырлатқалы.
Жүрегімде жоқ еді сөнген арай,
Тау басынан түсемін төмен қалай.
Айдарымнан желпініп жел есетін
Атым шауып тұрғанда өрге қарай.
Нұры сөнбей тұрсын деп күн киенің,
Тіршіліктің отына мың күйемін.
Ойшыл болып барам ба кім біледі,
Тұтастығын көп ойлап дүниенің.
*** *** ***
Даланың барда құланы,
Таулардың барда қыраны, –
Көк бөрі болмай тұра ма,
Көк бөрі елдің ұланы.
Бойында тулап ағысы,
Жайқалып өсіп тарысы, –
Жолбарыс болмай тұра ма,
Жолбарыс елдің арысы.
 Көзіңнің жасын бұлама,
Сүрініп кетіп құлама.
Арыстан елдің ұлдары
Арыстан болмай тұра ма.
Бағынған жұртпыз әйелге,
Жатамыз сонда қай елге?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу