Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  574


Автор: Рафаэль Ниязбек

СЕКІЛДІМІН БІР БИДАЙ АРПА ІШІНДЕ


Өр дауысым күркіреп естілгелі,
Желпімеді самал боп ешкім мені.
Бұл ағайын күншіл боп жаралған ба,
Көріп келем қысастық ес білгелі.
Жаралмаса күншіл боп бұл ағайын,
Жаудырмай ма төбемнен нұрлы арайын.
Бұлтқа қамап ұстауға болады ма,
Бір әулеттің жарқырап туған Айын.
Жуас түйе секілді жүндегелі,
Түртпектейді бәрі де күнде мені.
Құралайды көзге атып құлататын
Сұсты мерген сияқты сұр жебелі.
Солар мені сан сызған тізімнен де,
Жеміс теріп жүргенде жүзімді елде.
Түңдіктері шетінен желпілдейді,
Түңдік бауы үйімнің үзілгенде.
Құдай қолдап, аруақ жебегелі,
Өмірімнің өрге жүзген кемелері.
Тал бойымның қасиеті тұрмаса артып,
Бұл ағайын күндейді неге мені?!
 Кең дүние тұрса егер зар күшінде,
Жүрем ылғи өр мінез, нар пішінде.
Ей, ағайын!
Түсіне білсең егер
Секілдімін бір бидай арпа ішінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу