Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  165


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАТЕЛІКТЕН ТУҒАНДАР

Таудың кәрі мұзындай сіреспелі,
Өзің жақтан ызғырық тұр ескелі.
Өрт жанымды келемін жалау етіп,
Жалғандықпен ұстасып, тірескелі.
Өзендердің ағысы іркілгенде,
Ар-намысым ызалы бұлқынды елде.
Қозғалысқа көшеді бар дүние,
Жырым менің қоғамды сілкігенде.
Тасқа тиіп тұяғым сүрінгенде,
Құйын бар ма жығатын туымды елде.
Қате табам деймісің
Өлеңіме
Саясаттың көзімен үңілгенде.
Жаттап өскен қалың жұрт, асыл аға,
Тиіспеген жырыма – қазынама.
Жырдың бәрі жүректен туындаған
Саясаттың көзімен жазыла ма.
 Жұлдыз жауып тұрғанда аспанымнан,
Жаралды деп ойлама басқа ағыннан.
Талай тарлан жырымды күзедің-ау,
Өлеңімнің пәле іздеп астарынан.
Сені көрсем жырымды жырымдаған,
Бозторғайым кеудемде шырылдаған.
Елдік пенен ерлікті жырлағандар
Қателікке ешқашан ұрынбаған.
Көз жазбаған туғалы ата ерліктен,
Ақын бар ма алдынан қатер күткен.
Өлеңімнен саяси қате іздейді,
Туған жанның бәрі де қателіктен.
*** *** ***
Көрмесе егер көз тігіп алысқа әлі,
Тулап қайдан бұрқансын намыс қаны.
Балақтағы битті де, қайран аға,
Өлең сөздің дедің-ау арыстаны.
Ата аруақ кімді де жебегенде,
Жарқырайтын маңдайы кемел елде.
Айдарымнан дедің бе жел еседі,
Аласаны асқарға теңегенде.
Тіршіліктің бітпесе таласы әлі,
Басыла ма суырған дала шаңы.
Көз алдыңда Алатау тұрған кезде
Мақтай беріп қайтесің аласаны.
Жапа шегіп заманның ұлы ақыны,
Бас сауғалап бұл қалай бұғатыны?
 Алдаспанға айналған ағалардың
Итті кит деп бұл қалай ұғатыны?!
Түсінбеймін,
Осыған түсінбеймін.
Бірақ жырмен елімді мүсіндеймін.
Тәуір ақын болсам да жұртқа еленбей,
Сабағынан үзілген жүзімдеймін.
Жанарына өлеңнің нұры тұнған,
Шын ақынның өлген соң күні туған.
Талант қанша тірі де бағаланып,
Табытқа түскен бойда ұмытылған.
*** *** ***
Шырақ алып соңыма түспегенде,
Тауға айналып тұрар ең түз-белеңде.
Аға, сені таба алмай көп сарсылдым,
Тірілердің ішінен іздегенде.
Қасиетін сіңірмей өркенді елдің,
Тіршілікте бағы артып көрген бе ердің.
Іздеп жүрсем сені, аға,
Жүр екенсің
Арасында тірідей өлгендердің...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу