Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  136


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЗАТТЫҚТАН НЕ ПАЙДА?

Көңілімде бір толқын тулағасын,
Неге өмірді жүрегім жырламасын.
Азаттықтан не пайда,
Арайланып
Ақиқаттың ақ күні тумағасын.
Заман қандай,
Заң қандай ел біледі.
Туы қашан жетімнің желбіреді.
Ақиқаттың ақ күні туса егерде,
Арғымақтар неге әлі мертігеді?!
Татулықтың бұзылып шекарасы,
Тіршіліктің қираған бел ағашы.
Ақиқаттың ақ күні туса егерде,
Жазылмай жүр неліктен ел жарасы.
 Қазынасы бұл жұрттың тоналғасын,
Өзен қанша жоғалтқан мол арнасын.
Ел қорғайтын ер жігіт көк базарда
Жүрген жоқ па сүйретіп қол арбасын.
Азаттықтың ескенде ақ самалы,
Арманымның бұл қалай ақсағаны.
Ақиқаттың ақ күні емес пе еді,
Туған елдің ту ұстап аңсағаны.
Азаттықтан не пайда,
Бейбіт шақта
Оқ атылып, боздақтың ақса қаны.
Әлі талай соғады азап желі,
Алты алаштың бұл күнде азалы ері,
Азаттықтың жоқ болса өз зауалы,
Неге ендеше сатылды қазақ жері?!
Түн ішінде шырақтай талай жанып,
Жыр жазсам да бойымда қан айналып, –
Азаттықтан не пайда,
Тумаса егер
Ақиқаттың ақ күні арайланып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу