Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  142


Автор: Рафаэль Ниязбек

САРДАР ЕРІ ҚАЙДА БҰЛ САХАРАНЫҢ?


Жүрсем егер өмірді өктем көріп,
Өзенінен өткізбес өткел беріп.
Қоңыраулы құлыным секілденіп,
Қуанышым келмеді көктемге еріп.
Қайда менің жоғалған нұрлы ағысым,
Шынжырланып кеудемде тұр барысым.
Бабаларым қан кешіп, қорғап қалған
Далам еді бақытым, қуанышым.
Қалың елде ер жоқ па баққа қорған,
Бұл күндері сол дала жатқа толған.
Зауал болып жететін туған елге
Заман ба бұл Қараулық атқа қонған.
Ту көтеріп, мен қалай ұрандайын,
Болашағым бұлыңғыр тұмандайын.
Барысы бар жігіттер кеудесінде
Кеткен жоқ па азайып құландайын.
Жұрттың бәрі анадан туған жылап,
Ар-намысты оятсын кім қамшылап.
Көңілімнің ақ шаңқан шатырына
Болашақтың көз жасы тұр тамшылап.
Болашақтың дәм татпай жемісінен,
Үзіле ме бұл өмір желісінен.
Іздегенде таба алмай қор боламын,
Ел қорғайтын жігітті ел ішінен.
 Қаны тулап тұрғанда жүрегімнің,
Қабарғаны бұл қалай түр-өңімнің?
Ел қорғайтын ер жігіт ел тонаса,
Абыройын ойлайды кім елімнің?!
Даласында өзені жырлап аққан,
Жұрттың бәрі бүгінде мұңға батқан.
Еңіреген кешегі ерлер қайда,
Кеудесінде жолбарыс тулап жатқан.
Тал бойында жүгірген самала ағын,
Сардар ері қайда бұл сахараның?!
Ұнтақталып кетті ме қайран жұртым,
Диірменіне тартылып замананың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу