Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  152


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ БОЛҒАЛЫ

Алтын арай ішінде гүл ырғалып,
Дүр дүние барады сұлуланып.
Тәуелсіз ел болғалы
Қорқыныштан
Көрген емес жапырақ діріл қағып.
Жоқшылықтың ішімде қасқыры ұлып,
Жанарымда көрмеді жас тығылып.
Тәуелсіз ел болғалы
Кетілмеді
Тұлпарымның тұяғы тасқа ұрылып.
Ердің неге жетпесін елге ұраны,
Жауын жеңіп, жігерін жер қылғалы.
Тәуелсіз ел болғалы
Жігіттердің
Бүтінделіп үлгерген ер-тұрманы.
Қателігін түзетіп кесірлі елдің,
Бағы жанған заман бұл есіл ердің.
Тәуелсіз ел болғалы
Жетім өксіп,
Төгілмеді көз жасы жесірлердің.
Жаңа күннің жарқылдап белесінде,
Сақталатын шығармын ел есінде.
Кісілікті ту етіп мен көтердім,
Кісіліктің тербеліп кемесінде.
 Күңіреніп күй шерткен күрең күнде,
Кісі қанша бақ қуған бұл өмірде.
Болашақтың қамы үшін білсең егер
Жүріп жатыр сынақтар жүрегімде.
Жүйріктерін жаратып, таңасырып,
Атады ылғи даламда таң асығып.
Тәуелсіз ел болғалы
Ата қазақ
Күллі әлемге келеді бақ асырып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу