Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  240


Автор: Рафаэль Ниязбек

АДАМДАРДЫҢ ҰЯТЫ

Құт болсын кімнің қадамы,
Бір шыбық екпей далама.
Бүгінгі күннің адамы
Қатыгез болып бара ма?!
Қызынып жұртқа дес бермей,
Тұрғасын бойда күш тасып,-
 Бір-бірін бауыр, дос көрмей,
Жүргені ылғи ұстасып.
Біле ме алыс, жақынды,
Қараулық бойын жеңгендер.
Көздемей тұрмас ақынды
Аққуды атқан мергендер.
Маңдайдың соры бес елі,
Көзімнен жасым жиі ақты.
Егемен елдің есері
Еркіндік алған сияқты.
Адамдар естен тана ма,
Билікке қолы жеткесін.
Шағынасың кімге, жан Аға,
Әділдік соттан кеткесін.
Қасиет кетіп мияттан
Ішімді сұм көп ұлытқан.
Адамның беті ұяттан
Қызаруды мүлде ұмытқан.
Сөйлейтін ойлы жыр тілде,
Адамдар қайда жаны ізгі?!
Ар-ұят, иман бұл күнде
Қажетсіз бұйым тәрізді.
Бұрсаң да қайда бетіңді,
Көресің мұңын даланың.
Адамдардың ұяты
Ұмыт қалған секілді
Жатырында ананың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу