Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  247


Автор: Рафаэль Ниязбек

ОУ, АҒАЙЫН, ТІРІМДЕ СЫЙЛА МЕНІ


Жүрсем деп те сақталып есінде елдің,
Көппен бірге керуен-көшіне ердім.
Тірісінде еленбей жүрген, бірақ,
Есіл ердің бірімін,
есіл ердің.
Жатқан нұрлы заманда өшкен жанып,
Неге ғұмыр кешемін естен танып?
Жұртта қалған санай ма бұралқыға
Көрмесем де керуен – көштен қалып.
Күншілдігі бір бітпей тірілердің,
Қалай ғана жұрт ерсін тіліне ердің?
Ақымақ та атандым,
амал қанша,
Ұсақтығын айтам деп ірілердің.
Нөсер жырын күркіреп төге келген,
Ақын үнін ел қайда жебе көрген?
Жұрт болдық ба, білмеймін,
шын танымай
Таланттарын табытқа шегелеген.
 Мал соңында салпақтап жүре берген,
Елміз бе әлде сезімі, жүрегі өлген?
Талант қанша танылмай тірісінде,
Қабірінен ұлы боп түрегелген?
Ойдың жүзіп үйренген тереңіне,
Оу, ағайын, жетсең де ерен күнге.
Бағаласаң тірімде бағалағын,
Алтын тәждің өлгенге керегі не?
Құл жүргесін жолдармен төре жүрген,
Жағалауда ит қанша кемеге үрген?
Бағаламай асылын,
Елміз, бәлкім,
Өлсе ғана арулап көме білген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу