Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  161


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҚИҚАТ

Сөз ұстанған жігітті өсірмеген,
Дүлей аз ба бүгінде сөз білмеген.
Көселерін көтеріп төбесіне,
Көсемдерін жұртпыз ба көзге ілмеген.
Жұрттың түгел өзгеріп көзқарасы,
Сөз ұғудан қалған-ды боз баласы.
Өсек-аяң өңмеңдеп төрге шығып,
Сыртта қалған сыралғы сөз сарасы.
Өмір, өлім ұстасып арбасқанда,
Ақша бұлттар өртеніп жанды аспанда.
Қайран қазақ дарға асқан Сөз патшасын,
Ақ патшаны орыстар дарға асқанда.
 Батқан сайын ұялып Күн қызарып,
Жылайды аспан көзінен жұлдыз ағып.
Жұртпыз әлі санасы өспей қалған,
Құрық бойлап өссе де тілі ұзарып.
Арулы елдің кірсе де құрамына,
Қарулы елдің айналған шуағына.
Тілі ұзарған қазақтың мұңы бірақ
Қай құдайдың жетеді құлағына.
Ерсе егер де сағымға бұлдыраған,
Қай жұрттың да дәулеті құлдыраған.
Жылтыр сөзбен алдайды Үкімет те,
Киіміндей қытайдың жылтыраған.
Жұрт болғасын ар үшін алыспаған,
Кімдер келіп қайқайтып жанышпаған.
Үкі таққан Үкімет үй секілді
Ақиқаттың аулынан алыстаған.
Ел-жұртқа өсек тез тарап үлгереді,
Қалай бірақ Шындықсыз күн көреді?
Өтіріктің өнімі тұрғанда артып,
Ақиқаттың барына кім сенеді?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу