Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  166


Автор: Рафаэль Ниязбек

АБАЙДЫҢ ЖАРТАСЫ

Жартасқа бардым,
Күнде айқай салдым.
Абай.



Мен де барғам жартасқа Абай барған,
Айқайласам жаңғырып қарай қалған.
Көк аспаннан жауғанда ақ шұғыла,
Кеңістіктің кеудесі арайланған.
Шыңғыстаудан күлімдеп Күн қарады,
Бүкіл мұнар әлемге нұр тарады.
Күйік басып, у ішкен ұлы Абайдың
Жартасына мен бармай кім барады?
Зеңгір көкте толықсып туған Айды,
Беті айғыз деп сөккенді кім қалайды?
Сұсты мерген сияқты қай заман да
Көздеп атқан көзінен құралайды.
Жарғанда атом бомбыны күл қылғалы,
Не істесін ер қазақ шың тұлғалы.
Сол жартаста жаңғырып қалып қойған
Шыңғыстаудың құлындай шыңғырғаны.
Кім төзбеген азапқа басқа салған,
Тау да жанған бомбыдан, тас та жанған.
Ауа көшкен Арқадан арқардайын
Адамзаттан қашқан Рух, қашқан Арман.
 Содан, сірә, жүрекке шер байланған,
Қатер бар ма бұл елге төнбей қалған...
Абай барған сол жартас
Ат үріккен
Аруақты, киелі жерге айналған.
Теңіздерден өткенде жүзіп арман,
Сол жартаста Абайдың ізі қалған.
Жанның бәрі барады тәуеп етіп,
Үлбіреген үмітін үзіп алған.
Өлім сепкен далаға түн жамылып,
Тажалдарды жүр деме құр қаңғырып.
Сардар жұртты құрбанға талай шалған,
Сауық құрып, күн кешкен думан құрып.
Сынақтардың жауғанда сынықтары,
Күрсінбеді үйінде кім қамығып?
Атомдардың тозаңы бұрқыраған
Суырғанда боранын күн қағынып.
Абай барған сол жартас содан бері
Бомбылардан жарылған тұр жаңғырып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу