Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  196


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАЗАҚ ЕЛІ – БАЙЛЫҚТЫҢ ҰЛЫ ОТАНЫ


Болысқанды қойды ма Құдай налып,
Жөнелгесін жат жұртқа мұнай да ағып.
Ашығады ел неге?
Жүр емес пе,
Бастықтардың жүздері шырайланып.
Ит тірліктің бәрімен тірестірген,
Күні бар ма халықтың үні естілген.
«Кедей жомарт» демекші,
Жат жұрттарға
Состап-состап сыбаға үлестірген.
Жететінін сезбей ме қауіп жаттан,
Бастық қанша фабрика,
Зауыт сатқан?
Қазақстан – секілді алып сиыр
Кім көрінген жармасып сауып жатқан.
Екі санын шапақтап алақайлап,
Жатқан-тұрған жетуде бәрі айқайлап.
Қазақ елін –
Байлықтың ұлы Отанын,
Жатқан жоқ па тұс-тұстан талапайлап.
Жігіт қанша жағынып жанын сатқан,
Ару қанша ақ сүмбіл тәнін сатқан?
Қазақстан айналып саудагерге,
Жылтыраған заттардың бәрін сатқан.
 Қалталылар бәрін де сатып алып,
Қазақ деген жүрмесін аты қалып.
Жат қолына өндіріс түгел көшкен,
Қалай ғана сатты екен дәті барып?!
Мұратыма мұрт майлап жетем бе деп,
Орныққан көп киелі мекенге кеп.
Қазыналы жерімді,
Қорқам кейде,
Алпауыттар арқалап кете ме деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу